Жоғарғы Сотта халықаралық сарапшылардың қатысуымен судьялардың семинар-кеңесі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сотта халықаралық сарапшылардың қатысуымен жоғары сот органы судьяларының семинар-кеңесі өтті. Оған облыстық соттардың төрағалары мен әкімшілері де қатысты.

Шетелдік меймандардан Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Рольф Мафаель, «Еуропалық Одақтың құқық үстемдігінің тұғырнамасы - Орталық Азия» жобасының жетекшісі Ксавье Барре, Франция апелляциялық сотының бұрынғы басшысы, Фор-де-Франс апелляциялық сотының құрметті президенті Экспер Эрве, сондай-ақ Франция мен Еуроодақ өкілдіктерінің қызметкерлері қатысты. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми іс-шараны аша келе, Тәуелсіздік жылдары сот жүйесінде реформаларды жүргізу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жетекші 30 елінің озық халықаралық тәжірибесін қолдануға айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті. Бұл азаматтардың құқықтарын сотта қорғау деңгейіне, сот құрылымы мен сот ісін жүргізу жүйесіне, Қазақстандағы судьялық кадрларды іріктеуге және т.б. бірқатар мәселелерге қатысты.
«Осы мақсатта Жоғарғы Соттың жанында құрамына шетелдік беделді сарапшылар кіретін Халықаралық кеңес табысты қызмет атқаруда. Кеңес шетелдің сот ісін жүргізу саласындағы үздік тәжірибесін зерделеуге, қорытуға және оны отандық сот төрелігі жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді», - деді Қ.Мәми.
Қазақстанның Жоғарғы Соты дамудың барлық шешуші бағыттары бойынша халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды жүйелі іс жүргізуде. Олардың қатарында - БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Миграция жөніндегі халықаралық ұйым, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі бар. Құқық үстемдігі бойынша бастамалар шеңберінде Еуропалық Одақпен, Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ), Халықаралық құқық ынтымақтастығы қорымен (IRZ), Америкалық заңгерлер қауымдастығымен және Бүкіләлемдік Банкпен сындарлы байланыс қалыптасты.
Бұдан әрі Елші Рольф Мафаель мен «Еуропалық Одақтың құқық үстемдігінің тұғырнамасы - Орталық Азия» жобасының жетекшісі Ксавье Барре сөз сөйледі.
Семинар шеңберінде «Еуропалық Одақтың құқық үстемдігінің тұғырнамасы - Орталық Азия» жобасымен өзара іс-қимыл аясында Қазақстанның пилоттық сотына жүргізілген мониторингтің нәтижелері туралы есебі таныстырылды. Мониторинг 2016 жылғы 26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Экспер Эрвенің қатысуымен Ақмола облысының Целиноград аудандық сотында жүргізілді.
Сарапшылар жалпы юрисдикциядағы типтік соттың жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін зерттеді. Сот төрелігін жүзеге асыру, сот әкімшіліктері, ресурстарды пайдалану мен олардың жеткіліктігі, ақпараттық технологияларды қолдану мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сот төрелігіне қолжетімділік, сапа стандарттары, сот қызметінің тиімділігі саласындағы заманауи тәсілдер тұрғысынан соттар жұмысын ұйымдастыруды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірленді.
Жалпы алғанда, мониторинг қорытындысы бойынша Целиноград аудандық сотының қызметі мысалында сарапшы еліміздегі сот әкімшілігін ұйымдастыру, электронды сот төрелігін дамыту ісіне жоғары баға берді. Ұсынымдарда сот ісін жүргізудегі қисынға келетін мерзімдер мен татуластыру рәсімдерін қолдануға, тараптардың мүддесіне кәсіби өкілдік етуді енгізуге және сот төрелігінің өзге де аспектілеріне көңіл бөлінді.
Семинар жұмысын аяқтай келе, Қайрат Мәми ұсынылған есеп пен оның ұсынымдарының зор құндылығын атай келе, сарапшыларға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.