Жоғарғы сотта Қазақстанда медиация жүйесін енгізуге байланысты дөңгелек үстел отырысы өтіп жатыр
АСТАНА. Қыркүйектің 17-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада Жоғарғы сот пен Біріккен Ұлттар Ұымының даму бағдарламасының бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстанда медиация институтын енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға Жоғарғы сот қызметкерлері мен үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Сонымен қатар оған Парламент депутаттары мен мемлекеттік орган қызметкерлері атсалысуда. Олар отырыста медиация мен оған қатысты туындап отырған мәселелер жөнінде әңгімелесіп, осы жүйені Қазақстанда енгізу жұмыстарының жайын сараламақ. Жоспарға сай дөңгелек үстел отырысы бүгін және ертең қатарынан екі күнге жалғаспақ.
Отырыстың ашылу рәсімінде күн тәртібіне қойылған мәселе жөнінде баяндаған Мәжіліс депутаты Светлана Бычкованың айтуынша, Қазақстанда медиация, яғни қайта қалпына келтіруге бағытталған әділ сот жүйесін енгізу еліміздің қылмыспен күрес саласындағы саясатты ізгілендірумен байланысты қолға алынып отырған шара. «Медиацияны енгізуде бірінші кезекте ескеретін мәселе, ол - әділ сот қалыптастыруға бағытталған өте кең көлемді мәселелерді қамтитын күрделі жүйе. Сондықтан оған байланысты қабылданған шешімдер де жан-жақты сараланған әрі салмақты болуы тиіс. Аталмыш жүйенің орнын Қазақстанда бұрын билер институты атқарып келген. Яғни, оның тарихи алғышарттары бар. Қорыта айтқанда, медиация бүгінде сот процесінде болып жатқан көптеген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына ықпал етеді. Сондықтан да оның болашағынан күтілетін үміт зор», деді депутат.