Жоғарғы Сотта сот жүйесінің ардагері Назым Сухановаға құрмет көрсетілді

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми мерейтой иесін 70 жасқа толуымен құттықтай келе: «Назым Таңатарқызының отыз бес жыл бірыңғай сот саласында әділдікпен атқарған судьялық қызметі бүгінгі жас судьялар үлгі алатындай ғибраты мол, өнегелі жол екені анық. Қандай қызмет тапсырылса да, Назым Таңатарқызы өзінің біліктілігімен, табандылығымен, іскерлігімен көрінді», - деді.
Жоғарғы Сот Төрағасы ардагерді «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «Мінсіз қызметі үшін» ведомстволық медалімен марапаттап, оған естелік сыйлық табыстады.
Әріптестері Назым Таңатарқызына зор денсаулық, ұзақ өмір және амандық тіледі.
Іс-шара барысында мерейтой иесін Судьялар одағы Орталық кеңесінің мүшесі Н.Сынғалиева, сондай-ақ Алматы қалалық соты мен Маңғыстау облыстық сотының судьялары құттықтады.
Назым Таңатарқызы өзінің еңбек жолын 1965 жылы Атырау қаласындағы аймақтық агрохимиялық зертханада зертханашы болып бастаған. 1971 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң ол Алматы қаласындағы криминалистикалық зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері болып істеді.
Н.Суханова Маңғышлақ (қазіргі - Маңғыстау) облыстық сотының, Гурьев (қазіргі - Атырау) облыстық сотының, Алматы қалалық сотының мүшесі болып қызмет атқарды. 1994-2008 жылдар аралығында Жоғарғы Соттың судьясы болып істеп, отставкаға шықты. Ол Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы лауазымын атқарды. Назым Таңатарқызы республикамыз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары сот жүйесінің қалыптасуына өз үлесін қосты.