Жоғарғы Сотта жаңа аппараттың жетекшісі таныстырылды
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - 3 қыркүйекте Жоғарғы Соттың Төрағасы Бектас Бекназаров судьялар мен аппарат қызметкерлеріне Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің жаңа басшысын таныстырды.
Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
Жоғарғы сот органының басшысы Жоғары Сот Кеңесінің хаттамалық шешімі және Президент Әкімшілігінің Ілияс Сапарұлы Испановты Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің (Жоғарғы Сот аппаратының) басшысы лауазымына тағайындауға келісім берген хаты туралы хабарлады.
Ол департаменттің жаңа басшысының еңбек жолына тоқтала келіп, Астана қаласының соттар әкімшісі, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің бірінші орынбасары, Экономика және Қаржы Департаментінің басшысы, ақпараттық ресурстарды қорғау және ақпараттандыру, Қаржы Департаментінің басшысы, Бас прокуратураның ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау, Қаржы Департаментінің басшысы қызметтерінде қол жеткен жетістіктерін атап өтті.
Жоғарғы Сот аппаратын осыған дейін басқарған Марат Жұмағұлов басқа қызметке ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды. Салттанаты жиналыс барысында Б.Бекназаров М. Жұмағұловқа лауазымдық міндеттерін адал және үлгілі орындағаны үшін, жұмыс көрсеткішін жоғарғы дәрежеде көрсеткені және қол жеткізген жетістіктері үшін «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалін табыс етті.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Жазбек Әбдиев және Департамент басшысының бірінші орынбасары Әсия Қасенова өз қызметтерінде қалды. Оларға қатысты тиісті өкімді Жоғарғы Сот Төрағасы оқып, көпшілікті құлағдар етті.
Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Төремұрат өз қалауы бойынша жұмыстан босатылды. Б.Бекназаровтың айтуы бойынша, бұл бос лауазымдық орынға кісі тағайындау мәселесі көп ұзамай шешіледі.