Жоғарғы соттың бұрынғы судьяларына қатысты үкім бұзылды

«Үкім толығымен бұзылсын. Істі қайта қарауға жіберу, қылмыстылық бойынша мәселе шешілгенге дейін қылмыстық істі Жоғарғы сотқа беру», - деді бүгін қаулының қорытынды бөлігін оқып берген Қарағанды облыстық соты апелляциялық алқасының төрағасы Ерден Әріпов.
Оған қоса, апелляциялық алқа сот отырысы залында қорғаушылар бұзушылықтарға жол бергендігіне қатысты алғашқы инстанциядағы соттың жеке үкімін бұзды.
Адвокаттар нақтылағандай, ендігіде экс-судьялар сотталғандар емес, олардың статусы қайтадан айыпталушыларға көшті.
Бұған дейін хабарланғандай, Көкшетауда Ақмола облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотында ҚР Жоғарғы сотының бұрынғы судьялары Алмаз Тәшенова пен Сайлаубек Жәкішевке қатысты сот үкімі жарияланды.
Сот С. Жәкішевті аса қомақты көлемде - 70 мың АҚШ доллар пара бергені үшін кінәлі деп танып (ҚР ҚК-нің 213-бабының 5-бөлімі), мүлкін тәркілей отырып, жазасын қатаң режимдегі абақтыда өтеумен 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол бостандыққа шыққаннан кейін 5 жылға дейін судья және меморгандарда басқарушылық лауазымдарда қызмет ету құқығынан айырылды.
Айыпталған екінші сот судьясы Алмаз Тәшенова пара алғаны үшін (ҚР ҚК-нің 311-бабының 5-бөлімі) мүлкін тәркілей отырып, жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеумен 10 жылға сотталды. Оған сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін 5 жылға дейін судья қызметін атқаруға тыйым салынды.