Жоғарғы соттың сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы бар деп айыпталған екі судьясы қамауға алынды - Бас прокуратура

«Тәшенова мен Жәкішевке қатысты қылмыстық істі Қаржы полициясы тергеп жатыр. Соттың шешімімен ол екеуін қамауға алу туралы үкімі шығарылды»,-деді Ж. Өмірәлиев.
Оның атап өткеніндей, ҚР Бас прокуратурасы аталған қылмыстық істің барысын қадағалауға алған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, сәуірдің орта тұсында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ҚР Парламенті Сенатының көмегімен ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау алқасының төрайымы Алмаз Тәшенованың және ҚР Жоғарғы сотының судьясы Сайлаубек Жәкішевтің әрекеттерінен сыбайлас жемқорлық қылмыс фактілері анықталды деген айып таға отырып, оларды қызметінен босатқан болатын. Сонымен қатар Жоғары Соттың тағы төрт судьясы қызметтерінен аластатылды.
Бұның алдында Бас прокурор Асхат Дауылбаев «Жоғарғы соттың сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы бар судьяларының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оны экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тексеріп жатыр», деген ақпаратты таратқан болатын.