Жоғары аудиторлық палата: Өңірлік тексеру комиссиялары таратылады

АСТАНА. KAZINFORM - Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында мемлекеттік аудит жүйесіндегі реформалар топтамасын іске асыру мәселелері қаралды.

Смаилов
Фото: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы

Негізгі өзгеріс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлік тексеру комиссияларын таратып, Жоғары аудиторлық палатаның аумақтық департаменттерін құру болмақ. Бұл мүдделер қақтығысын болдырмауға мүмкіндік береді, себебі бүгінде тексеру комиссиялары жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады, ал бұл жүргізілетін аудиттердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін.

Бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызды рөлі сақталып қалады.

Мәселен, мәслихат депутаттары Жоғары аудиторлық палатаның тиісті аумақтық департаменті басшылығының екі өкілін тағайындай алады.

Олар сондай-ақ жергілікті бюджеттің атқарылуы жөніндегі қорытындыны және өңірдің өзекті проблемалары бойынша аудит қорытындыларын тыңдауға, аудит жүргізудің жыл сайынғы жоспарына өз ұсыныстарын енгізуге құқылы.

Жалпы Жоғары аудиторлық палатаның өңірлік департаменттерінің мәслихаттармен өзара іс-қимылын бүгінде қолданылып жүрген «Жоғары аудиторлық палата – Парламент» моделі бойынша құру жоспарлануда.

«Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит жүйесін реформалау туралы бастамаға қолдау білдірді, бұл оның тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Реформалар топтамасын іске асыру барлық институционалдық және ұйымдастырушылық мәселелерді жан-жақты пысықтауды талапетеді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ мемлекеттік аудитор біліктілігін алуға үміткер кандидаттарды бірыңғай емтиханнан өткізуді Жоғары аудиторлық палатаның құзыретіне беру жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде мемлекеттік аудит органдарының кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бірқатар басқа да шаралар көзделуде.

Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысы Құндызбек Әбдірасылов бүгінгі таңда 47 тармақтан тұратын Жол картасы әзірленіп, іске асырылып жатқанын, мемлекеттік аудит реформасын іске асыру жөніндегі нақты іс-шаралар, оларды орындау мерзімдері және жауапты адамдар айқындалғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар