Жоғары лига командалары арасында чемпион атанған «Грация-KZ» Ұлттық лигаға жолдама алды

спорт
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында волейболдан әйелдердің жоғары лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткеніндей, Оралдың «Грация-KZ» клубы елордадағы қорытынды кезеңде бес кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті.

Әсіресе, шешуші бәсекеде «Ару-Астана» командасын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, чемпион атанды.

Оралдық команданы Айна, Әсел, Айнұр және олардың анасы Нұрсұлу Ғұбашева жаттықтырады.

«Грация-KZ» құрамында Айнагүл Айжарықова, Мира мен Диана Ғұбашевалар, Карина Төлегенова, Виолетта Филиппова, Диана Сапарғалиева, Дарья Авдеева, Алина Камалединова, Күнбөбек Саясатова, Ұлмекен Әжігереева, Томирис Қайыржан, Адель Молдағалиева, Милана Сапарова, Айназель Кейнятова, Дәмелі Сәндібекқызы, Элина Надыршина, Екатерина Бондаренко, Екатерина Титовская, Софи Дәулетқалиева өнер көрсетті.

«Соңғы ойында «Ару-Астанадан» 0:2 есебімен ұтылып жатып, команда камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңді. Осылайша, «Грация-KZ» Ұлттық лигаға жолдама алды», - деді команда бапкері Нұрсұлу Ғұбашева.

Команданы осынау табысымен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин құттықтап, алдағы маусымда сәттілік тіледі.

Кезінде «Грация-KZ» командасын белгілі волейбол маманы, Нұрсұлу Ғұбашеваның жұбайы, марқұм Көлеңке Ғұбашев құрған еді. Осы клубтан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Сана Анарқұлова, Зарина Ситқазиновалар тәрбиеленіп шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда әйелдер волейболын дамытуға не кедергі екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ құрамында Орал волейболының түлегі С.Анарқұлова ойнайтын «Тұран» өз тарихында тұңғыш рет волейболдан ел чемпионы атанды.

спорт
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар