Жоғары Сот Кеңесі педофилге жеңіл жаза кескен судьяның жаңа қызметке тағайындалуына қатысты түсінік берді

Сарыағашта 5 жасар қызды зорлаған педофилге жеңіл жаза кескен судья жаңа қызметке тағайындалған болатын. Жоғары Сот Кеңесі бұған дейін аудандық соттың төрағасы қызметін атқарған Нұрғазы Шетеновтің жаңа қызметіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Жоғары Сот Кеңесі педофилге жеңіл жаза кескен судьяның жаңа қызметке тағайындалуына қатысты түсінік берді
Фото: Kazinform

Жоғары Сот Кеңесінің мәліметінше,  Нұрғазы Шетенов өз өтініші бойынша Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьясы болып тағайындалған.

«Жаңалықтар порталдарында көптеген жарияланымдардың шығуына байланысты Жоғары Сот Кеңесі келесіні түсіндіруді жөн көреді. Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Н.Б.Шетеновтің берген өтінішіне сәйкес ол 2023 жылы 6 қазанда осы соттың судьясы болып қалдырыла отырып, төраға қызметінен босатылды. Қылмыстық істі қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін Н.Б.Шетеновті тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тәртіптік іс Сот жюриінің қарауында. Тәртіптік іс бойынша шешім Сот жюриі отырысының қорытындылары бойынша қабылданатын болады», - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін педофилге жеңіл жаза кескен судья жаңа қызметке тағайындалғаны жайлы жазған болатынбыз.