17:24, 04 Сәуір 2023 | GMT +5
Жоғары аудиторлық палата салықтағы триллондаған алшақтықты анықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдар назарынан тыс қалған 64 салықтық жеңілдікті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Уәкілетті мемлекеттік органдарда салықтық жеңілдіктерді қолданудан бюджет шығынының сомасы туралы объективті ақпарат жоқ. Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріндегі салықтық жеңілдіктерді есепке алу кезіндегі алшақтық 4,4 трлн теңгені құрап отыр. Сондай-ақ аудитпен ҰЭМ де, МКК де есепке алмаған 64 салықтық жеңілдік анықталды. Оларды есепке алсақ, 2018-2021 жылдардағы бюджет шығыны бойынша алшақтық 9,6 трлн теңге болады», - делінген Палатаның 2022 жылға жұмысы туралы ақпаратында.
Палата мамандарының пайымынша, салықты бақылау шаралары салық жеңілдіктері мен преференцияларды негізсіз қолдану фактілерін анықтауға бағдарланбаған.
«Бұл тиісті тәуекел өлшемшарттары мен камералдық бақылау рәсімдерінің болмауына, сондай-ақ салық есептілігі нысандарының жетілмегендігіне орай салық төлеушілердің жеңілдіктерді қолдануы туралы мәліметтердің жеткіліксіздігіне байланысты», - деп жазады палата мамандары.