Жоғары аудиторлық палатаның құзыреті қалай күшейтілді – Президент Жарлығы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент жарлығымен Жоғары аудиторлық палатаның құзыреті күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта палатаға жергілікті бюджеттердің қаражатына аудит жүргізуге негіз болатын себептердің қатары кеңейтілген. Нақты айтсақ, Жоғары аудит палатасы бюджеттің бұл түріне мемлекеттік органдардың, тексеру комиссияларының, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ақпараты негізінде аудит жүргізе алады.

Бірақ аудит жүргізу туралы қабылданған шешімді Президент Әкімшілігіне хабарлап, палата отырысында дауысқа салу арқылы бекітеді.

Палата мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдары жүргізген аудиттің қорытындыларын қайта қарауға құзырет алып отыр. Ол үшін аудит материалы бойынша сот шешімі күшіне енбеген болуы керек. Аудит қорытындыларын қайта қарау туралы тапсырманы палатаға Перзидент пен Президент Әкімшілігі бере алады.

Жарлыққа сәйкес, палата мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын бірыңғай арнайы дерекқорда жариялауға құзыретті. Алайда палата қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттейтін, бақылау және қадағалау жүргізетін уәкілетті органның заңмен қорғалатын құпиясы материалдарын жариялай алмайды.

Құжатта Жоғары аудиторлық палата Ұлттық банк пен зейнетақы қорын қалай бақылай алатыны айтылған. Ол үшін палатаға Президенттің келісімін алу керек немесе Президенттің өзінен тікелей тапсырма түсуі қажет.

Сондай-ақ палата тексеру комиссиялары мен ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның, ішкі аудит қызметтері жүргізген мемлекеттік аудиттердің стандартқа сай жүргізілуін бақылауға хақылы екені айтылған.


Соңғы жаңалықтар