Жоғары білікті мамандарды өзімізде - Қазақстанда дайындау керек - К. Мәсімов
Бұл пікірін Астанада өтіп жатқан ІІІ Халықаралық форум қатысушыларына арнап жолдаған құттықтауында ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов білдірді. Үкімет басшысының құттықтауын Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жеткізді.
«Қуатты мемлекет болып қалу үшін біз кәсіптік-техникалық білім беру сапасына баса мән беруге тиіспіз. Өйткені, біздің еліміз қарқынды даму үстінде. Біз шетелдік инвестицияларды, заманауи технологияларды, жаңа білімді игеріп жатырмыз. Алайда жоғары білікті мамандарды өзімізде - Қазақстанда дайындау керек,», - деді ол.
Премьер-Министр атап көрсеткендей, бұл өте өзекті мәселе. Әсіресе, Елбасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруда ерекше маңызды. Бүгінгі форумда Қазақстандағы кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі дамытудың тетіктері қарастырылатын болады.
«Бұл - Үкімет жұмысының ең маңызды бағытының бірі. Біздің мақсат - бәсекеге қабілетті еңбек нарығын қалыптастыру. Бүгінгі таңда біз кәсіптік білім беру үлгісін жаңғыртып, реформалап жатырмыз. Жаңа үлгі бойынша біздің азаматтар еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие мамандықтарды игеретін болады. Шын мәнісінде, әңгіме өнімділікке, инновацияларға негізделген жаңа еңбек күшін қалыптастыру жайында болып отыр. Сонда ғана біз еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін беріп, отандық бизнестің өркен жаюына жол ашамыз», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.