«Жоғары білім алуға мүмкіндік көбейедi» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 сәуір, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Жоғары білім алуға мүмкіндік көбейедi» - баспасөзге шолу

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «ЭКСПО елорда жетістіктерін паш етеді» атты мақалада.

Жиын барысында Елбасы Астананың бүгінгі даму жағдайын жақсы бағалағанымен, кейбір түйткілдердің бар екендігіне тоқталды. Елбасы келеңсіздіктерге қатысты қала әкімі мен оның орынбасарларының жауап беруін талап етті. Мәселен, Астанадағы жағымсыз иісті биылдан қалдырмай жоюды тапсырды. Шындығында, Астана маңындағы сасық иістің ошағы болып табылатын Талдыкөл мәселесі он жылдан бері шешілмей келе жатқан болатын.

«Алты жыл Тасмағамбетов айналысты, ештеңе істемеді, сен келдің, ештеңе бітірмедің. Астанада сасық иіс әлі бар. 6 млрд. теңге жұмсалды, түк бітпеді. Мынадай жағымсыз иісі мүңкіп тұрса, Астанаға кім келеді?! Талдыкөл мәселесімен мені тойғызғандарыңа қанша жыл болды?! Үкіметпен, кімнің көмегі керек, шешіңдер бұл мәселені. Масқара ғой. Астанамыз мынадай деп мақтанамыз», - деп қатқылдау сөйледі Елбасы Астана әкімі Әділбек Жақсыбековке қарата айтқан сөзінде. Өз кезегінде әкім су сорғыш-тазарту стансасының құрылысы жоспар бойынша жүріп жатқандығын xабарлады. Ә.Жақсыбеков 2017 жылға дейін аталмыш мәселені шешуге уәде етті.

Президент Н.Назарбаев Астанада жол қозғалысына қатысты да біраз мәселе көтерді. «Көлік инфрақұрылымы мәселесіне тоқталсақ, бүгінгі күннің өзінде Астана жолдарындағы көлік кептелісі жаға ұстатарлық. Мұндайды күтпеп едім. Осы мәселені енді шешу керек. Қазір жоспарлауды қолға алмасақ, бірнеше жылдан кейін бізде үлкен қалалардағы сияқты жағдай болады. Енді осы бағытта жұмыс істеу керек. Егер қазір осы мәселені шешпесек, бірнеше жылдан соң, біздің қалада көліктік коллапс болады. Біздің елордада көлік қоятын орындардың мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі жоқ. Жылдамырақ енгізу қажет. LRT құрылыс баяу жүруде», - деді Н.Назарбаев.

***

ЖОО-ға түсу емтиханынан құлаған түлектер де университеттерде оқи алатын болды. Бұл туралы «Айқын» басылымы хабарлауда.

«Елді елең еткізген осы жаңалықты кеше Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жұртшылыққа айтып берді. БҒМ басшысы мәлімдеме жасады: «Бүгін мен барлық сынақ-эксперименттердің аяқталғанын жариялағым келеді! Енді біз соңғы 15 жыл бойы түзілген озық жаңашылдықтарды мектептермен, Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге жоспарлы түрде ендіруге кірісеміз!» делінген «Жоғары білім алуға мүмкіндік көбейедi» атты мақалада.

«Ол келесі жылы мектептер мен кол­ледждер түлектерінің бірыңғай ҰБТ тапсыратынын хабарлады. «ҰБТ мазмұны өзгереді. Біз дамыған елдердегідей функционалдық сауаттылыққа екпін түсіреміз. Және ҰБТ-ны енді бір емес, бірнеше рет қайталай тап­сыра беруге болады. Сондықтан мен мек­тептер директорларына және облыстық, аудандық білім басқармалары басшыларына өтінішпен қайырыламын: бұдан былай ҰБТ - сіздердің рейтингтеріңіздің бір бөлшегі болмайды! Рейтингтеріңізге ол енді әсер етпейді! Ендеше, мұғалімдерге де, мектеп бітірушілерге де қысым көрсетпеңіздер!» деген БҒМ басшысының мәлімдемесіне зал толы ұстаздар ду қол шапа­лақпен ризашылық­тарын білдірді», - деп жазады «Айқын».

***

«Айқын» газеті Елбасының «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» құжаты адамзат тарихында 61 жылдан соң жасалған алғашқы манифест болғанын жазуда.

«Г.Меллер, Л.Полинг, С.Пауэлл. Ж.Ротблат және Х. Юкава секілді он бір ғалым жасаған манифест. Мұнда халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану, ядролық соғысқа қарсылық білдірілген. Содан кейінгі жалпы адамзат баласына арналған манифест жақында жария болды. Авторы - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел жасаған манифестен кейін арада 61 жыл өтті. Осы екі аралықта күллі адам баласының қауіпсіз өміріне арналған биік мінберден ешқандай манифест жарияланған жоқ. Сол олқылықтың орнын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев толтырды», - делінген «61 жылдан кейін жасалған манифест» атты мақалада.

«Елбасының «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» құжаты АҚШ астанасында өткен ядролық қауіпсіздік туралы саммитте Біріккен Ұлттар ұйымы Бас ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты ретінде тіркелді. Елбасының аталған саммит аясында манифест жариялайтын жөні де, жолы да бар. Себебі, осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын Қазақстан - ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір ел. Оған қоса, ресми Астана өзінің мәмілегерлік, бейбіт бастамаларымен жаһанға әлдеқашан танымал. Елбасы манифесте ядролық қаруға қатысты билік басындағылардың жауап­кершілігі туралы «Мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауап­кершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек» дегенді айта отырып, мей­лінше мәмілегерлік тәсілдерге көбірек жүгіну керек екендігін жеткізді», - дейді газет.

***

Ақтөбеде жанжал туды, деп жазады «Экспресс К» басылымы.

Полиция қызметкерлері қаза тапқан Болатбек Сатмағамбетовтің жеке заттарын алып кеткеннен кейін, оның банк карточкасынан ақша жоғалған... Болатбек Сатмағамбетовтің денесі 31 наурызда тәңертең табылған. Ол пышақталып өлтірілген.

«Полицияда бізге менің ағамда болған оның жеке заттарын көрсетті: банк карточкасы, 500 теңгелік ақша және 50 теңгеліктен екі монета», - дейді көз жұмған жігіттің қарындасы Динара.

«13 сәуірде мен ұлымның телефонынан банктан келген СМС хабарламаны көріп қалдым, онда «31 наурыз күні 10.49 сағатта банк карточкасынан 7000 теңге ақша шешілді» делінген», - дейді көз жұмған жігіттің анасы Айман апа. - Бұл ақша Болатбектің өлгеннен кейін, банк карточкасы полицияның қолында болғанда шешілгені күдік ұялатады».

Толығырақ, «Снял деньги с того света» атты мақаладан оқи аласыздар.