Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көлемі 60 пайызға артты

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Министрдің айтуынша, Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту шеңберінде қала және ауыл тұрғындары үшін қолжетімді жоғары технологияларды дамытуға жағдайлар жасалған. Мәселен, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артса, олардың жартысынан астамы өңірлерде көрсетілген. «2012 жылы алғаш рет стационарлық көмек көрсететін мамандарды оқытуға арналған қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тарифіне енгізілген. Бұл емдеу мекемелерінің жетекшілеріне өз мамандарын қайда және қандай тақырыпта оқыту туралы шешімді өздерінің қабылдауына мүмкіндік берді. Өткен жылы осы жүйемен 12 мыңнан аса маман оқып шықты», - деді С. Қайырбекова.
Бұдан бөлек, министр технологияларды трансферттеу үшін шетелдерден үздік мамандарды шақыру арқылы 73 шеберлік сыныптары өткізілгенін атап өтті. «Нәтижесінде азаматтар бұрындары 20-дан астам ауру түрлері бойынша шетелдерге емдеуге жіберілетін болса, қазір олардың саны 8-ді ғана құрайды», - дейді министр Салидат Қайырбекова.