Жоғары оқу орнын тонаған ұрылар ұсталды - Алматы ІІД
АЛМАТЫ. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Сабақ басталған алғашқы күндері Алматының Алмалы ауданында орналасқан жоғары оқу орнының бірінің оқу бөлмесінен компьютер жабдықтары ұрланды, деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз орталығы.
«Түнгі уақытта бейтаныс біреулер оқу ғимаратына еніп, ондағы бөлмелердің бірінің есігін бұзып, ішіндегі құны 200 мың теңгеден асатын компьютерлік бұйымдарды алып кеткен. Заттың ұрланғанын оқу орынның қызметкерлері таңғы сағат 9-да бірақ аңғарған, әрі полицияға хабар берген. Мамандар ұрылардың өте ептілікпен жұмыс істеп, есіктің құлпын бұзғанда арнайы кілттерді пайдаланғандығын айтады», -дейді Алмалы ауданы ІІБ-ның бастығы полиция полковнигі Талғат Сейілханов.
Екі күн өтісімен криминалды полиция қызметкерлері бұл қылмыстық оқиғаны мойындап, барлық техникалық бұйымдарды қайтарып берген Үштөбе қаласының екі тұрғынын ұстаған. «Тергеу барысында олар бұл ұрлықтың алдын-ала жоспарланғанын жеткізді. Олар күзетшінің назарына ілікпес үшін әдейі жеке бөлмені таңдап алған. Біраз күн өтісімен қаскүнемдер тоналған заттарды сатпақ болған. Алайда тәртіп сақшыларының қолына түсті. Олар бұрын еш қылмыстық жауапқа тартылмаған және еш жерде жұмыс істемеген. Алматыға қай уақытта келгендіктері тергеу жұмыстары барысында анықталатын болады. Әзірге бұл екеуі де уақытша оқшаулау бөлмесіне қамалды», -дейді полковник Сейілханов.