11:46, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
Жоғары оқу орнына түсуге конкурстарға қатысу үшін мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-дан 4 пән бойынша 45 балл жинауы керек ? Ж. Түймебаев
АСТАНА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Биыл ұлттық бірыңғай тестілеудегі сұрақтардың саны 125. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ұлттық бірыңғай тестілеуге 5 пән енгізілген. Олар: қазақ тілі немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, одан кейін мемлекеттік тіл немесе орыс тілі. Әр пән бойынша 25 тест сұрақтары беріледі. Жоғары оқу орындарына түсуге конкурсқа қатысу үшін 4 пән бойынша 45 балл жинау керек. Сондай-ақ профилді пәннен 7 балл, басқа пәндерден 3 баллдан кем болмауы тиіс», - деді отырыста Ж. Түймебаев. Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша мектеп бітіруші түлектерге орта білім туралы аттестат немесе сертификат беріледі. Баллды бағаға ауыстыру шкаласы былтырғыдай, мектеп бітіруші ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша екі пәннен 2 деген баға алатын болса, аттестат алу үшін мектепте дәстүрлі емтихан тапсырады. Алайда ағымдағы жылы жоғары оқу орнына түсе алмайды. Ал егер барлық 4 пән бойынша 2 деген баға алса, оған ағымдағы жылы 11 жылдық мектепте оқыды деген ғана анықтама беріледі. Ал аттестат алу үшін келесі жылы емтихан тапсырады немесе тестке қатысады. Бұл ереже емтиханды қай тілде тапсырса да барлық мектеп бітірушілерге бірдей.«Егер ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде бала ауырып қалатын болса, онда келесі лекке жіберіледі. Келесі лек болмаған жағдайда ауырғаны туралы анықтама негізінде тест тапсыру мәселесі шешіледі», - деді Ж. Түймебаев.Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде министрлікте тұрақты түрде штаб жұмыс істейді. Барлық тест өткізу пункттеріне, олардың саны ? 154, министрліктің өкілдері, инженер-бағдарламашылар, аппеляциялық комиссиялардың төрағалары жібіріледі.