Жоғары оқу орындары қауымдастығы виртуалдық университет жүйесін құруда
АЛМАТЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жоғары оқу орындары қауымдастығы виртуалдық университет жүйесін құруда.
Бұл кеше Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі «Политех» және университеттің ІТ-инфрақұрылымы» корпоративтік ақпараттық жүйенің таныстырылымында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Алматыда шілде айында ҚазҰТУ базасында виртуалдық университет туралы республикалық семинар өтеді. Мақсат - республика әлеуетін біріктіру. Барлық университеттердің оқытушылары мен студенттерінің портал арқылы бір-бірімен байланысын ұйымдастыру. Тәжірибе алмасу. Оқу орындарының оқулықтарын, ғылыми жарияланымдарын бүкіл республикаға жеткізу. Қазір дарынды адамдар көп жағдайда жекелеген университеттердің аясында қалып қалды. Виртуалдық жүйе арқылы біз олардың жұмысын жеңілдетіп, мүмкіндігін кеңейтпекпіз. Қазір кейбір оқу орындарының әлі күнге дейін интернетте өз сайты жоқ, сондықтан виртуалдық университет құру арқылы электрондық кітапхана да құрмақпыз», - дейді Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
«Қазір барлық жерде несиелік оқу жүйесі енгізіліп жатыр. Оның құралы ? интернет. Бұл салада ҚазҰТУ Қазақстанда көшбасшы. Ондағы интернет желісінің жылдамдығы мен сиымдылығының көлемі 100 оқу орнының үлесіне пара-пар. Бұл мәселе Шымкент қаласындағы 40 жоғары оқу орны өкілдері қатысқан алқалы жиында да айтылды. Қазір ақпараттық-коммуникациялық жүйе әр оқу орнында әртүрлі компания жасағандықтан әрқилы. Олардың компьютерлері кейде бірін-бірі оқи алмайды. Сондықтан бір қалыпқа келтіру үшін оқу орындары арасында арнайы келісім-шарт жасалып отыр», - дейді ол.