Жоғары оқу орындары жастарға заманауи білім беруді қамтамасыз етуі қажет – вице-премьер
АСТАНА. ҚазАқпарат – Академиялық артықшылық орталықтарын құруда нақты нәтиже жоқ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келесі маңызды мәселе – жоғары оқу орындары жастарға заманауи білім беруді қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін университеттердің қазіргі заманғы зертханалармен, жаңартылған кітапханамен қамтамасыз етілуі және оқытушылардың біліктілігін үнемі арттырып отыруы маңызды. Осы мақсатта 20 жоғары оқу орны базасында Академиялық артықшылық орталықтарын құру жұмыстарын тиянақты жүргізуіміз қажет. Бұл жұмыстар 2021 жылы басталғанымен әлі күнге дейін нақты нәтиже көрмей отырмыз. Себебі министрлік жоғары оқу орындарымен дайындық жұмыстарын уақытылы пысықтамаған. Осыны жетілдіруіміз қажет», - деді вице-премьер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Оның атап өтуінше, 2023 жылы 3 жоғары оқу орнында Академиялық артықшылық орталығы ашылатын болады.
«Министрлік университет ректорларымен, Қаржы министрлігімен бірге басқа университеттерде академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселесін бірінші жартыжылдықтың соңына дейін пысықтауы тиіс», - деді Алтай Көлгінов.