Жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету туралы республикалық конференция өтеді

АЛМАТЫ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 20 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мәжіліс-залында Қазақстанның жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету тақырыбында VI республикалық конференция өтеді.

Жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз ету туралы республикалық конференция өтеді

Оған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов және жоғары оқу орындарының ректорлары, кітапхана директорлары, оқу-әдістемелік бөлімдердің өкілдері мен оқулық авторлары қатысады. Сонымен қатар, оқулықтары мемлекеттік тілге аударуға іріктеліп алынған шетел авторлары да шақырылып отыр.

«Былтыр бұл конференция 8 желтоқсанда өткен болатын. Оның шешімімен, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен тақырыптық жоспар бойынша жоғары оқу орындарына 160 мың данамен 130 оқулық басып шығару көзделген еді. Қазіргі уақытта ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының Баспа орталығы тарапынан республикалық бюджет қаржысымен мемлекеттік тілде 72 базалық оқулық жарық көрді. Қалған 60 оқулық жылдың соңына дейін басылып, республиканың жоғары оқу орындарына таратылатын болады», - дейді ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі Дина Қожамұрат. Оның айтуынша, 400-ге жуық адам қатысатын дәстүрлі конференция кезінде Алматы қаласының жоғары оқу орындары авторларының үздік оқулықтары мен оқу құралдары жинақталған көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасына, Орталық ғылыми кітапханаға және Алматы облысының Қарасай аудандық кітапханасына оқулықтарды салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтеді.