Жоғары оқу орындарындағы тарих оқулықтары бір жүйеге әлі толық түсіп болған жоқ - Ханкелді Әбжанов

АЛМАТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазір Білім және ғылым министрлігінде әр пән бойынша бекітіліген бағдарламаларды жүзеге асыратын оқулықтар жеткіліксіз.

Жоғары оқу орындарындағы тарих оқулықтары  бір жүйеге  әлі толық түсіп болған жоқ  -  Ханкелді Әбжанов

Бұл жайында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов бүгін Алматыда өткен «Отан тарихы және мәдени мұралардың өзекті мәселелері» деп аталатын жас ғалымдардың ІІ Республикалық ғылыми конференциясы кезінде айтты.

«Қазір ұлт тарихына, Қазақстан тарихына жаңа көзқарас орнығып жатыр. Біздегі бір қиыншылық оқулықпен қамтамасыз ету, әсіресе мемлекеттік тілдегі оқулықпен қамтамасыз ету болып отыр. Бұл жұмыс өте кешеуілдеуде. Әл-Фараби Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті сияқты іргелі оқу орындарындағы мұғалімдер жазған оқулықтар ондағы баспалардан шығып жатыр. Ал орта және аймақтық оқу орындары Мәскеудің шығарылғанын және Кеңестік дәуірде басылған ескі оқулықтард пайдаланады», - дейді Ханкелді Махмұтұлы. Оның айтуынша, Ресей оқулығы сол елдің мүддесі тұрғысынан жазылған. Сондықтан ол кей кезде ұлттық және мемлекеттік мүддемен сәйкес келе бермейді. Бұл олқылықты түзету мақсатында қазір Білім және ғылым министрлігі республикалық кеңес құрып, мектеп оқулықтарының алғашқы толқынын сараптамадан өткізуде. Алдағы уақытта бұл жұмыс одан әрі жалғаспақ. Қазір жоғары оқу орындарындағы тарих оқулықтары бір жүйеге әлі толық түсіп болған жоқ.