Жоғары оқу орындарының 2010 жылғы рейтингі жасалды

АЛМАТЫ. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік еліміздегі жоғары оқу орындарының 2010 жылғы рейтингін жария етті.

Жоғары оқу орындарының 2010 жылғы рейтингі жасалды

Рейтингте оқу орындары 5 аталым бойынша бөлінген. Бірінші кезекте техникалық жоғары оқу орындары сараланған. Бұл аталым бойынша алғашқы үштікте Қазақ-Британ техникалық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеті мен Ұлттық аграрлық университет тұр. Ал көпсалалы жоғары оқу орындарының көшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті бастаған. Гуманитарлық-экономикалық оқу орындары аталымында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, ҚМЭБИ, Қазақ гуманитарлық-заң университеті үздік деп танылған. Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, С.Асфендияров атындағы ҚҰМУ, Астана медицина университеті медициналық оқу орындары рейтингінде үздік шыққан. Ал өнер саласындағы оқу орындары бойынша Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория, Ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы рейтинг басынан көрініп отыр.