Жоғары оқу орындарының лицензиясын қысқарту қолға алынатын болады - Білім және ғылым министрі

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат / Руслан Ғаббасов / - Білім беру сапасы төмен. Жоғары оқу орындарының лицензиясы кезең-кезеңмен 3-4 жылда қысқартылады.

Жоғары оқу орындарының лицензиясын қысқарту қолға алынатын болады - Білім және ғылым министрі

Бұл туралы бүгін Үкіметте техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде сапаны арттырудың іс-қимыл жоспарын таныстыру кезінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Биылғы жылы жоғары оқу орындарында сырттай білім беру контингенті 43 мың адамға төмендеді. Бұл шаралар сапа мен талаптарды арттыру тұрғысында іске асырылады. Алайда бұндай қадамдар проблемның жүйелі шешіміне жеткіліксіз», -деді министр. Сондықтан да министрліктің іс-қимыл жоспарына сәйкес жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру жұмыстары қамтылмақ. «Заңнамалық база бұл тұрғыда бізде бар. Бірақ та жоғары оқу орындарын бір мезетте қысқарту мүмкін емес. Білімді төмен деңгейде беріп жатқан оқу орындарының лицензиясын қайтару үшін соттық шаралар қажеттілік етеді. Сондықтан да бұндай қысқарту кезең-кезеңмен 3-4 жылда іске асырылады», -деп атап өтті Бақытжан Жұмағұлов. Осы орайда ол білім беру орындарының әлеуетін арттыру үшін жоғары оқу орындарын біріктіру, білім беру сапасын арттыру шаралары ынталандырылатынын жеткізді.