Жоғары жетістіктерге жететініме сенімдімін- Кәмила Аманжолова

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Щучинск қаласында қыздар командалары арасында өткен баскетболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында Ақмола облысының құрама командасы жеңімпаз, ал, команданың ортаңғы шептегі қорғаушысы Кәмила Аманжолова чемпионаттың үздік ойыншысы атанған болатын. Қажымұқан атындағы №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі, өрімдей қыздың спортта бағындырған биігінен, бағындырар биігі көп. ҚазАқпарат тілшісі қазақ баскетболының үміті Камиламен сұхбаттасып, әңгімеге тартқан еді.
None
None

– Кәмила, сұхбатымыздың әлқиссасын баскетболға қалай келгеніңізден бастасақ…

– Баскетбол ойынына мені ешкім жетектеп, болмаса «мынау жақсы спорт түрі» деп алып келген жоқ. Өзім жүрек қалауымен таңдадым. Бірақ та, осы ойыма ең алғашқы жаттықтырушым Виктория Волкова себепкер болды. Ол мектепте оқып жүргенімде баскетбол секциясы туралы айтып, қыздарды шақырды. Ол жас та болса, үлкен тәжірибесі, өзіндік тактикасы бар жаттықтырушы. Жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Ол кісі мені спортшы ретінде қалыптасуыма молынан еңбек сіңірді.

– Баскетболды таңдағанына ата-анаң қалай қарады?

– Бастапқыда ата-анам онша құптай қоймағанымен, кейін ақ жол тілеп, рұқсатын берді. Қазір менің кішкентай жетістіктеріме осы кісілер бірінші болып қуанады. Менің үйдегі бапкерлерім де, жанкүйерлерім де осы кісілер. Олардың ақ батасы мен жаттықтырушыларымның тәлім-тәрбиесінің арқасында осы спортта шеберлігімді шыңдау үстіндемін.

– Баскетболды таңдағаныңа өкінетін сәттер бола ма?

– Өзімнің жүрек қалауыммен келген спортқа қалайша өкінесің. Әрине, бір сәтте де өкінбеймін. Өзіме бұл спорт түрі қатты ұнайды. Қазіргі кезде баскетболға қызығушылығым артып, жан дүнием осы спортты қалап тұрады. Менің спортта жоғары жетістіктерден көрінуім де бәлкім, осының арқасы шығар. Тіпті, шаршаған уақытта да, баскетбол ойнап демалуға тырысамын.

– Жаттығу уақыттары қалай өтеді?

– Қазір күніне 3 сағаттан аптасына бес уақыт жаттығу жасаймыз. Ал бейсенбі және жексенбі күндері дем аламыз. Жаттығу сергітуден басталады және әр ойыншымен жеке жұмыс істеледі. Жаттығудың соңында біз тактикалық қателіктерді талдаймыз.

– Жыл санап ел чемпионатының деңгейі өсіп келеді. Яғни, бәсекелестік қалыптасуда. Бұл туралы не айтасыз?

– Спорт – ол жарыс, бәсекелестіктен тұрады. Бәсекелестік спортшының шеберлігін шыңдайды. Бәсекелестік болған жерде мықты спортшылар шығады. Күнделікті еңбек пен жаттығулардың арқасында жетістіктерге жететініме сенімдімін.

– Қазақстан жастар құрамасының сапында ойнадыңыз ба? Ойнасаңыз онда ұлттық құраманың артық және кемшін тұстарын айтып өтсеңіз.

– Иә, ойнадым. Жастар құрамасының көп ойындарында сенімділік пен ұстамдылықты жоғалтып аламыз. Кемшілігіміз – сол. Мен ел құрамасының алдағы байрақты жарыстарда жеңіске жетіп, жеңіс тұғырынан көрінетініне толық сенімдімін. Өйткені, біздің елде спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Жастардың көбі бұқаралық спортпен жаппай айналысуда. Бұл әрине, біздерді қуантады.

– Үлгі тұтатын ойыншың кім және ол саған несімен ерекше?

– Маған аргентиналық кәсіби баскетболшы Факундо Кампаццоның ойын өрнегі ұнайды. Оның ойын алаңдағы қимылы мен тактикасы менікіне өте ұқсас.

– Командаңыз әйелдер командалары арасында баскетболдан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында жеңімпаз, ал өзіңіз үздік ойыншы атандыңыз. Сол кезде қандай әсерде болдыңыз?

– Әрине, қуанышымызда шек болмады. Бұл біріншіден, ел чемпионаты болса, екіншіден, өзіміздің облыста ұйымдастырылды. Сол үшін намысқа тырысып бақтық. Спорт болған соң, арқаны кеңге салуға болмайды. Әр ойынға жауапкершілікпен келу керек, әр кездесу финалдық ойын деп қабылдануы тиіс. Сонда ғана жеңіс сенің жағыңда. Қазіргі жаттықтырушыларымыз Татьяна мен Виктория Волковалар да бізден осыны талап етеді.

– Есіңізде ерекше сақталған жеңіс пен жеңіліс болған кездесу туралы айтып өтсеңіз.

– Мен үшін ең есте қаларлық ойын – «Каспий» командасымен өткен кездесу. Осы жолы жеңілсек те, ойын бізді қуантты, өйткені, біз тең дәрежеде ойнадық.

– Әңгімеңізге рахмет. Спорттық табыстар тілеймін!


Соңғы жаңалықтар