Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жоқ пәтерге 10 млн теңге: Ақмола облысының тұрғыны алаяққа алданды

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. KAZINFORM – Ақмола облысының тұрғыны елордадан пәтер алып беремін деген танысына сеніп, оған 10 млн теңгеге жуық ақша берген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жоқ пәтерге 10 млн теңге: Ақмола облысының тұрғыны алаяққа алданды
Фото: Алматы әкімдігі

Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бірнеше жыл бұрын танысы әйелге Астанада тыйым салынған пәтерді сатып алуға көмектесетінін айтқан. Оның сөзінше, жылжымайтын мүлікті рәсімдеуге уақыт пен қосымша шығын қажет болған.

– 2022 жылдан бастап жәбірленуші танысына бірнеше рет ақша берген. Күдікті қаражаттың түрлі жарналарды төлеуге, қызмет ақысын өтеуге және ұйымдастыру мәселелерін шешуге қажет екенін түсіндірген. Бірнеше жыл ішінде берілген ақшаның жалпы сомасы шамамен 10 млн теңгеге жеткен. Алайда уәде етілген пәтер сатып алынбаған, жәбірленуші ақшасын да қайтара алмаған, – деп хабарлады ведомстводан.

Мәселенің шешілуін күткен әйел ақыры полицияға жүгінген. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін «SMS-бластер» арқылы 150 мың алаяқтық хабарлама таратқан топтың ұсталғанын жаздық.