Жол апаттарының негізгі үлесі ережені өрескел бұзған жүргізушілердің кінәсінен орын алуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақстан Республикасының жолдарында және елді мекендерінде 18 890 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 26 508 адам зардап шеккен. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті баспасөз қызметінен хабарланды.
2014 жылмен салыстырғанда адамдарға зақым кетірген апаттылық 7,3 пайызға төмендеген.
Жол апаттарының себептері бұрынғыдай: олардың негізгі бөлігі (90%-дан артық) Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің кінәсінен (17 783) орын алған, соның 609-ы алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде рөлді басқарған.
ЖКО көп бөлігі немесе 8175-і жүргіншілерді соғып кету салдарынан, 6522-і көлік құралдарының соқтығысуынан, 1673 ЖКО көліктің аударылып қалу салдарынан болған.
«Жүргізушілердің жылдамдықты арттыруынан 6138 ЖКО орын алып, соның салдарынан 1009 адам қаза тапты және 7474 адам жарақаттанған, сондай-ақ қарсы қозғалыстың жолына түсу себебінен болған 1211 ЖКО-дан 504 адам қаза тауып, 2486-сы жараланған»,-деп атап өтілген комитет мәліметінде.