Жол апаты салдарынан екі аяғынан айрылған келіншек есін жиды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жол апаты салдарынан екі аяғынан айрылған келіншек есін жиды. Қарындасының жағдайы туралы ҚазАқпарат тілшісіне ағасы Евгений Парафиев айтып берді.

Жол апаты салдарынан екі аяғынан айрылған келіншек есін жиды

«Екатерина есін жиды. Оның жағдайы жақсарып келеді. Егер бәрі жақсы болса, оны ертең жансақтау бөлімінен шығаруы мүмкін. Оған аяғыңнан айрылдың деп айтпадық. Бірақ ол бәрін біліп тұр», - деді Е.Парафиев.

Оның айтуынша, кей алаяқтар киви-әмияндағы қаржыны қолды етуге тырысқан.

«Маған хабарласып, пин-кодты сұрағандар болды. Бірақ айтпадым. Ақшаны алып, анамыздың шотына салдық. Барлығы 7 млн шамасында қаржы жиналды. Бұл қаржы қарындасымның оңалту ем-шарасына бағытталады», - деді Е.Парафиев.

Айта кету керек, жол апаты Әл-Фараби даңғылында болған. Honda CRV тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry көлігін автобус соққан. Соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігін соғады. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалған.  Қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі тізіліміне тіркелді.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, пациенттердің бірінің аяғындағы жарықшақты сынығына байланысты тілерсектен жоғары кесіп тастау ұйғарылды .

Екінші қыз №7 қалалық ауруханананың неврология бөліміне жатқызылды .