Жол апатынан ата-анасы қаза болған түлекке облыс әкімінің оқу гранты берілетін болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 7 мамыр күні жол апатынан қаза болған жандардың туыстарын және жапа шеккендерді қабылдады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Жол апатынан ата-анасы қаза болған түлекке облыс әкімінің оқу гранты берілетін болды

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 7 мамыр күні «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай елді мекені тұсында жол-көлік апаты болып, 11 адам қаза болған еді.

Бюджеттен тыс көздерден қайтыс болған 11 адамның отбасына 1 миллион теңгеден, ал жарақат алғандарға 500 мың теңгеден қаржылай көмек берілді.

- Әрине, қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Бірақ қолдан келген көмекті жасаймыз. Сіздер де түсіністікпен қарап, сабырлы болыңыздар. Мұндай жағдай қайталанбас үшін абай болайық, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Жиынға қатысқан Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Нұрлан Анарбаев жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлық іс бойынша бірнеше сараптамалар тағайындалғандығын айтты. Осы сараптама нәтижесі әділ, обьективті жүретінін жеткізді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының міндетін атқарушы Сәкен Серғазиев ауруханада ем алып жатқан науқастардың жағдайы бірқалыпты екенін айтып, оларға қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетіліп жатқанын баяндады.

Аймақ басшысы жапа шеккендердің отбасына қаржылай көмектен бөлек, қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты. Мәселен, ата-анасынан айырылған мектеп бітіруші түлекке облыс әкімінің оқу гранты берілетін болды.