12:22, 14 Шілде 2022 | GMT +5
Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жол бойындағы заманауи қызмет көрсету нысандарының 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тағы бір өзекті мәселе – жол бойында заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіру. Қазір елімізде осындай 1 600 нысан бар. Оның 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, биылдан бастап бизнеске қызмет көрсету нысаны құнының он пайызы қайтарылып беріледі. Ал нысанға кіре беріс жолдар бюджет есебінен салынады.
«Санитарлық тораптарды күтіп ұстауға арналған шығындарды субсидиялау енгізілді. Бизнес үшін барлық жағдай жасалған. енді әкімдер жергілікті жерде сапалы жұмыс ұйымдастыруы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.