Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының қанша пайызы нормативке сай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының қанша пайызы нормативке сай

«Ұлттық стандартқа сәйкес, тиісті нысандар қызмет көрсету санатына қарай жол бойында орналасуы тиіс. Әрбір 50 шақырым сайын «Д» санатына жататын нысандар (оның ішінде жанар-жағар май құю станциялары, санитарлық-гигиеналық тораптар, бөлшек сауда), ал әрбір 250 шақырымда «А» санаттағы (барлық қызмет түрлерін қамтитын) нысандар орналастырылады. Республикалық желі бойындағы қызмет көрсету нысандарының саны кемінде 1 900-ге жетуі тиіс», - деді Қ. Өскенбаев.

Осы орайда ол қазіргі кезде республикалық желі бойында 1 701 қызмет көрсету нысаны орналасқанын айтты. Оның 69 пайызы (1 174 нысан) нормативтік жағдайға сәйкес келеді.

«Биыл жеке инвесторларды тарту есебінен 60-тан астам нысанды салу (жанар-жағар май құю станциялары, санитарлық-гигиеналық тораптар) және қолданыстағы шамамен 70 нысанды нормативтік жағдайға келтіру жоспарланып отыр. Бұл жоғарыда көрсетілген көрсеткішті 74 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Талдаудың нәтижесі бойынша және нормативтік талаптарға сәйкес, барлық республикалық желіні қамтамасыз ету үшін шамамен 200 нысан салу қажет», - деді министр.

Бұған дейін ведомство басшысы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайға сәйкес келетін жолдардың үлесі – 90 пайыз, жергілікті желіде бұл көрсеткіш 80 пайыз шамасында екенін айтты.