Жол ережесін бұзған астаналықтарға салық төлеу туралы ескерту берілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік құралы бойынша қазақстандықтардың салығының 13 пайызы астаналықтарға тиесілі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
1 қазандағы көрсеткішке сүйенсек, көлік бойынша 734 мың қазақстандықтың қарызы бар. Қарыздың жалпы мөлшері 18,9 миллиард теңге. Оның 13,9 миллиарды негізгі қарыз болып отыр.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, жоғарыда аталған соманың 2,5 миллиард теңгесін Астанада тұратын 80 мың автокөлік иесі төлеуі тиіс. Бұл - республикадағы қарыз мөлшерінің 13 пайызы.
«Біз сомалар бойынша талдау жүргіздік. Астанадағы берешегі бар адамдардың 86 пайызының төлейтін ақшасы 50 мың теңгеге дейінгі қаражат. Яғни, төлеуі тиіс адамдардың 49 пайызы 1-10 мың аралығындағы салық төлеуі керек. Жалпы, салық мөлшері төлеушілер қиналатындай аса көп емес. Сонымен қатар, 10-50 мың аралығында ақша төлеуі тиіс қарызы барлардың үлесі - 37 пайыз (28 мың 800 адам). 100 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақшаны төлеуге міндетті адамдардың үлесі бар-жоғы - 5 пайыз. Қарызы 1 миллион теңгеден асып кеткен 191 адам бар. Бұл жалпы қарызы барлардың 0,2 пайызы», - дейді ҚР ҚМ МКД қарыз бойынша жұмыс басқармасының басшысы Айнұр Күлшікова брифинг барысында.
Оның айтуынша, Астанада жақын уақытта салық қарызы туралы ескерту бойынша рейд ұйымдастырылады.
«Ол рейдке біздің қызметкерлермен бірге ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің, ҚР ИДМ өкілдері қатысады. Ол үшін «Сергектің» кешенді мүмкіндіктері пайдаланылады», - дейді ол.
Қарызы бар адамдар туралы ақпарат алдымен Инвестициялар және даму министрлігіне жолданатын болады. Ол жерде база құрылып, осыдан кейін ақпарат Астана қаласының ІІБ жол-патрульдік қызметінің планшеттеріне жолданбақ.
Айнұр Күлшікова сонымен қатар, көлік құралдары тек жол ережесін бұзған жағдайда тоқтатылатынын ескертті. Автокөлік иесіне ескерту берілгеннен кейін салық 30 күннің ішінде өтелмесе мемлекеттік кірістер органы салық бұйрығын шығарып, оны сот орындаушыларға табыстайтын болады.