Жол ережесін жиі бұзатын қалталы жастарға шара қолдану керек - сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Марат Қожаев өзінің депутаттық сауалында неліктен жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл көлемін арттыру ұсынысын айтқанын түсіндірді.

айыппұл тіркейтін камера
Фото: Жетісу облыстық жедел жәрдем қызметі

- Қаңтар айында өңірлерді аралап келдік. Сол кезде жол ережесін өрескел бұзатындардың деректерімен таныстық. Мәселен, Алматыда ондаған жас жігіт қымбат көліктерді тізгіндеп, айыппұл төлеуді соншалықты ауыртпалық санамай жүргенін білдік. Олар күн сайын жол ережесін бұзады, қатты жылдамдықпен жүреді. Бұл деректерді камералар анықтап жатыр, бірақ оларға айыппұлдан басқа жаза қолданылмайды. Ал айыппұлды бір аптаның ішінде өтесе, оны жеңілдікпен тек 50 пайыз ғана төлейді. Атап айтқанда, қарапайым халыққа 14 мың теңге айыппұл кәдімгідей ауырпалық түсірсе, ал жаңағы қалталы жастар оны күнделікті шамалы шығыны деп көреді, - деді М. Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол жол ережесін жиі бұзатындарға басқа да жазалау шараларын қолдану керек екенін айтты.

- Бұл адамдарды тәртіпке тарту керек қой?! Көлік құралының бір жүргізушісі бір жылда 143 рет ереже бұзған (Алматыда) және айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен өтеген. Бұл адамдарға айыппұл төлеу соншалықты шығын емес. Сол себепті тиісті ұсынысты жарияладым, - деді депутат.

Еске салсақ, жақында сенатор Марат Қожаев өзінің депутаттық сауалында айыппұл арқылы ережені қайта бұзумен күрес мүмкін еместігін айта келіп, соңғы кезде жол ережесін бұзу деректері көбейе түскенін атап өтті.

Осы орайда ол Үкімет басшысының атына сауал жолдап, өзінің ұсыныстарын айтты.

Депутаттың пайымынша, жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау керек.

Соңғы жаңалықтар