Жол инфрақұрылымдарын мүгедектер үшін бейімдеу қажет - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Бүгін Үкімет отырысында 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы туралы баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай айтты.
Министрдің атап өтуінше, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жергілікті атқарушы органдардың мүгедектердің жүріп-тұруы үшін бейімдеу республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
«Келесі жылы жоспарға сәйкес мүгедектер үшін жол инфрақұрылымдарын бейімдеу, жүріп-тұруға қиындықтары бар мүгедектерге көлік қызметі тізбесін көбейту қажет. Халықаралық тәжірибеде қалалық көліктерді пайдалануға мүмкіншілігі жоқ мүгедектер үшін инватакси қызметі кеңінен қолданылады»,-деді ол.
С. Әбденовтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда облыстарда инватаксидің 102 көлігі жұмыс істейді. Олар жыл сайын 191 мыңнан астам мүгедекке көмек көрсетеді.