«Жол картасы» аясында ағымдағы жылы 107 мың жұмыс орны құрылды
АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Ағымдағы жылы «Жол картасы» бойынша 128 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, қазіргі таңда іс жүзінде 107 мың жұмыс орны құрылды.
Бұл жоспардың 83 пайызын құрайды. Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, маусымның 1-де құрылған жұмыс орындарына 65 мың адам еңбекке орналастырылды. Жұмысқа орналастырылғандардың 62 пайыздан астамы немесе 40,5 мың адам жұмыспен қамту органдары арқылы келгендер. Құрылған жұмыс орындарына өңірлер бойынша еңбекке орналастыру көрсеткіші Қызылорда облысындағы 23 пайыздан, Павлодар облысы, Алматы және Астана қалаларындағы 100 пайызға дейінгі аралықты қамтиды. «Қазіргі уақытта үнемделген қаржының есебінен қосымша жобалар жүзеге асырыла бастады. Осыны ескерсек, жұмыс орындарын құру және еңбекке орналастыру жөніндегі міндетті өңірлер орындай алады деп сеніммен айтуға болады», деді вице-министр.
Оның айтуынша, «Жол картасы» аясындағы жүзеге асырылып жатқан жобалардағы айлық жалақының орташа мөлшері еліміз бойынша 34 мың теңге деңгейінде қалыптасып отыр. Өңірлер бойынша айлық жалақының барынша көп мөлшері Алматы (48,3 мың теңге) және Астана (42,4 теңгені) қалаларында.