«Жол картасы» аясында нақты нысандарға қомақты қаржының бағытталуы цемент бағасының қымбаттауына ықпал етіп отыр
АСТАНА. Маусымның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Жол картасы» аясында нақты нысандарға қомақты қаржының бағытталуы еліміздегі цемент бағасының қымбаттауына ықпал етіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жол картасы» аясында өңірлерге қомақты қаржы келіп жатыр. Алайда, елімізде цемент бағасы өсіп барады. Бір тонна цементтің бағасы 8 мың теңге болған, енді ол 12 мың теңге тұрады. Бір сөзбен айтқанда, нақты нысандарды жөндеуге ақша салына бастап еді, құрылыс материалдары қымбаттай бастады», деді бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.
Осыған байланысты В. Божко Бәсекелестікті қорғау агенттігінен осы мәселенің байыбына баруды өтінді. «Цементшілер тағы да ескі әдеттеріне баса бастады, бұл алаңдатады», деді министр. Өз кезегінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бір ай бұрын Үкіметте цемент мәселесіне қатысты кеңес болғанын атап көрсетті. «Бәсекелестікті қорғау агенттігіне тапсырма берілді. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында жұмыс жасап жатқан цемент зауыттары мен құрылыс компаниялары арасында меморандумға қол қойылды. Олардағы баға бұрынғы қалпында қалып отыр. Ал, еркін нарықта шын мәнінде цементің бағасы қымбаттап барады. Қазір 12-13 мың теңге тұрады», деді Ө. Шөкеев. Бірінші Вице-премьер алдағы дүйсенбіде осы мәселеге қатысты жұмыс тобының отырысы өтетінін айтты. «Мүмкін жоғарыдағы меморандумға қатысушылардың құрамын кеңейтіп, оған «Жол картасы» аясындағы нысандарда жұмыс істеп жатқан ұйымдарды да қосу қажет шығар», деді ол. Осы орайда Ө. Шөкеев «егер біз түбегейлі шешім қабылдайтын болсақ, онда құрылыс материалдарын өндірушілерді монополистер тізіліміне енгізу қажет», деген пікір айтты.