«Жол картасы» бағдарламасы аясындағы 940 жоба аяқталды - Г. Әбдіхалықова
АНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жол картасы» бағдарламасы аясында 5080 жоба қарастырылған. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қамтылған жобалардың ішінде бүгінде 940-ы аяқталған. «Соның ішінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандары бойынша - 33, жол жөндеу жұмыстары бойынша - 223, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жылылау бойынша - 441 нысанның құрылысы аяқталды. Қалалар мен ауылдардағы әлеуметтік-мәдени нысандардың 245-і бітті», деді министр.
Г. Әбдіхалықова мемлекеттік сатып алулардың қорытындысы бойынша үнемделген 3,3 млрд. теңгеге өңірлер қосымша 724 жобаны қаржыландырып, жүзеге асыруға жұмсағанын атап көрсетті. Бұлардың 206-сы жаңа жобалар, 535-і қолданыстағы кеңейтілген жобалар.
Министрдің айтуынша, ведомствоаралық комиссияның маусымның 11-індегі шешімімен 8 өңірге қосымша жалпы сомасы 5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы 74 жаңа жобаны жүзеге асыруға бағытталуда. Оның 41-і бойынша конкурстық процедуралар аяқталып, 32 жоба жүзеге асырыла бастаған. Аталмыш нысандарда 2 мыңнан астам қосымша жұмыс орны құрылады деп көзделіп отыр.
«Тамыздың 14-індегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдар жөндеу жұмыстарына қарастырылған 168,5 млрд. теңгенің 94,3 млрд. теңгесін игерді. Бұл жалпы соманың шамамен 60 пайызын құрайды. Әкімдіктердің деректері бойынша, өңірлер бөлінісінде Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары жылдық соманың 70 пайызын игерді. Алматы мен Астана қалалары жылдық соманы 50 пайыздан аз игеріп отыр», деді министр.