«Жол картасы» биыл да жалғасады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 26-сы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жол картасы»  биыл да жалғасады» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сырбар» сыртқы бар­лау қызметінің директоры Аман­жол Жанқұлиевті және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдинді қабылдады. Елбасы А.Жанқұлиевке «Сыр­бар» қызметін жетілдіру және нығайту жөнінде нақты тап­сырма берген. Ал Қ.Қабылдин Президентке компанияның 2009 жылғы жұмыс қорытындысы және ағымдағы жылға арналған жоспары туралы баяндаған. Ол 2008 жылмен салыс­тыр­ғанда мұнай өңдеу 104 пайызға жеткендігін, сонымен қатар инвестициялық страте­гия­ны жүзеге асыру аясында «ҚазМұнайГаз» «Маңғыстау­мұ­най­газ» АҚ, «Павлодар МХЗ» ЖШС, «The Rompetrol Group» (Румыния) компанияларының жалпы құны 540 миллиард теңге болатын қосымша активтерін ие­ленгендігін атап өткен.

Кеше Үкімет үйінде Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда «Жол картасы» және жаңа заңнамаға сәйкес ел облыстарында арнайы мал соятын орындардың ұйымдастырылуы туралы мәселелер қаралды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жол картасы» биыл да жалғасады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Кеңес барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өткен жылдың үздік бағдарла­масы саналған «Жол кар­та­сына» биыл республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге бөлінетіндігін айтқан. Оған жергілікті бюджеттерден 43,1 млрд. теңге қосымша қаржылан­дыру көзі қосылады. «2010 жылы 3 мың нысанға жөндеу жұмыс­тары жүргізілетін болады. Ал тек инвестициялық жобаларда 130 мың жұмыс орны ашылмақ. Не­гіз­гі қаржы көлемі тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын қайта жөндеу жұмыстарына жұм­сал­мақ. Оған 7,9 млрд. теңге бө­лінсе, жол жөндеу жұмыстарына 9,1 млрд. теңге, әлеуметтік ма­ңыз­дағы нысандарға (мектеп, ау­ру­хана) 40 млрд. теңге бөлінбек», депті Г.Әбдіхалықова.

Аталған кеңес туралы тарқата жазған «Айқын» басылымының хабарлауынша, 2009 жылы жүргізілген бақылау шаралары нәтижесінде заңнаманы сақтамаған 325 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 54 лауазымды тұлғаны қаржылық бақылау органдары әкімшілік тұрғыдан жауапқа тартып, оларға жалпы сомасы 7,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салған. Жарияланым басылым бетінде «Министр мәселені қабырғасынан қойды» деген тақырыппен берілген.

Ал осы тақырыпқа тоқталған «Алаш айнасы» газеті «Қабылданғаннан бері 5 ай өтсе де басы даудан арылмаған «Ветеринария туралы» заң жобасы Үкіметтің кешегі селекторлық отырысында тағы бір мәрте «соққы» жеді. Себебі отырысқа Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев бір қап шағым арқалап келіпті. Қолына баяндама тізгіні тиісімен бас диқан жарты жыл бұрын күшіне енсе де, заң жобасында көрсетілген ветеринарлық-санитарлық нормалардың сақталмай отырғанын жайып салды», деп жазады.

«Өткен жылға - оң баға, биылға - бес міндет». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалада кеше Президенттік мәдениет орталығында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы жайында баяндалған. Басылымның жазуынша, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен жылғы жұмыстарды қорытындылап, 2010 жылы атқарылатын міндеттерді айқындап берген. «Министр жұмыстың маңызды бір бөлігі отандық мәдениетті шетелдерге насихаттау екенін айтты. Мәселен, өткен жылы Қазақстанның мәдениет күндері Еуропа, ислам және ТМД-ның бірталай елдерінде кең ауқымда өтіп, 50 мыңнан астам адам Қазақстанның өнерімен сусындағанын, әсіресе Біріккен Араб Әмірлігі, Беларус, Түрікменстан, Сауд Арабиясы, Иорданияда мәдени шаралардың өте жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етті. Қазақстанның Германиядағы жылында елуден астам мәдени іс-шара өткен», деп жазады басылым.

Ал осы министрліктің алқа отырысына кеңінен тоқталған «Айқын» газеті «Жаңа бағдарламада мемлекеттік тілді дамытуға басымдық беріледі» деген тақырыппен мақала басқан. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, қазақ тілін үйретудің бірыңғай әдістемесі түзілген. Қолданыстағы қазіргі әдістемелік базаға қосымша, 2009 жылы 260 мың дана таралыммен 8 сөздік және қоғам өмірінің сан алуан салалары бойынша орысша-қазақша 10 тілашар жарық көрген.

***

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бағдад Әміреев. Басылымның сантүрлі сауалдарына тұшымды жауап берген елшінің сұхбатын басылымның бүгінгі нөміріндегі «Елбасының түркі дүниесіне қатысты барлық ұсыныстары жүзеге асуда» тақырыбымен берілген материалдан оқи аласыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Тайландтың сот органдары әскери жүкпен ұсталған қазақстандық ұшқыштарды кепілдікпен босату туралы өтінішті мақұлдамаған. Бұл туралы кеше ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов апталық брифингте мәлім етті.

«Қазіргі уақытта еліміздегі гемофилиямен ауыратын 1500-ден астам адам мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмектерді ала алмай отыр. Оған себеп: Денсаулық сақтау министрлігінің тендер өткіземіз деген жоспары жүзеге аспай қалып барады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Жазылған жайттың егжей-тегжейін басылымның сейсенбілік санында жарық көрген «Тендердің жыры аурудың зарына айналды» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Казахстанская правда» газеті қаңтардың 22-сінде өткен Елбасы Н.Назарбаев пен Үкімет мүшелерінің есептік кездесуіне тоқталған. Мемлекет басшысы Үкіметтің өткен жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін тыңдады. Кездесу барысында Президент Министрлер кабинеті мүшелеріне бүгінгі таңда Қазақстанның алдында тұрған бірқатар стратегиялық тапсырмаларды айқындап берген.

«Известия-Казахстан» басылымының жазуынша, еліміздің коммуналдық инфрақұрылымы нысандарының тозу деңгейі орташа есеппен 70 пайызы құрайды. Бұл жайында кеше Мәжілісте өткен үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінң төрғасы Серік Нокин айтқан. С.Нокиннің айтуынша, бүгінгі күні тұрғын үй-коммуналды сала кірісті істердің бірі болып отыр. Құрылыстың және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лықтың ІЖӨ-дегі жалпы үлесі 8,2 пайыз болса, осы салада жұмыс істейтіндердің саны жал­пы еліміз бойынша халықтың 10 пайызын құрайды.

Мәжілістегі үкімет сағаты «Егемен Қазақстан» басылымының назарынан да тыс қалмаған.