Жол картасы бойынша тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық саласында биыл 623 жоба жүзеге асырылады - Агенттіктің жауапты хатшысы
Бұл бүгін Алматыда «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығындағы жаңа көрме маусымының ашылу рәсіміне арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жол картасы бойынша былтыр жүзеге асырылған 875 жобаның 862-сі толық орындалып, 13-і биыл жалғастырылады. 61,2 миллиард теңге жұмсалған бұл бағдарлама бойынша үлкен көлемде көп жұмыстар тындырылды. 737 шақырым электр желісі, 2233 шақырым су құбыры және 409 шақырым газбен қамтамасыз ету жүйесі салынып, 81 мың жұмыс орны ашылды», дейді ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің жауапты хатшысы Салауат Дембай. Оның айтуынша, 2014 жылға дейін жалғасатын бұл бағдарлама бойынша биыл 48 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның 30,5 миллиарды республикалық, 17,5 миллиарды жергілікті бюджеттен бөлінбек. Бұл қаражатқа тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласындағы нысандарды жөндеу және қайта жаңартуда 623 жоба жүзеге асырылып, 43 мың жаңа жұмыс орын ашу жоспарланып отыр.