Жол картасы: Бүгіннің өзінде 113 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 5 898 жобаны жүзеге асыру басталып, олардың аясында 113,9 мың жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім еткендей, Жол картасы шеңберінде жергілікті атқарушы орындар жалпы 6 506 жобаны іске асыратын болады.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:
– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (2 703 жоба);
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (1 039 жоба);
– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (1 799 жоба);
– елді мекендерді абаттандыру (965 жоба).
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтері қолданылатын болады. Сондай-ақ жұмысшылардың кем дегенде жартысы Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы қабылданып, басымдық жұмыссыз жүрген жастарға берілетіді. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.
Министрліктен мәлім еткендей, 10 маусымдағы жағдай бойынша өңірлерде 5 898 жоба тұрғысында жұмыс басталып, 113,9 мың жұмыс орны құрылды. Мұнда 59,1 мыңы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған. Барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте Жол картасы болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
Бұдан бұрын хабарлағандай, Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асырудың айтарлықтай оң әсері сезілмек.
Мысалы, 80 жаңа білім беру нысанының құрылысы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешуге, ауылдық жерлерде білім беру орындарына қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ 7 мыңға жуық мұғалімді тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті арттырады. Сондай-ақ шамамен 1 мың медицина қызметкерін жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 36 мәдениет және спорт нысанының құрылысы бұқаралық спортты дамытуға оң әсер етіп, жастар үшін бос уақыт мәселесін шешуге және 1,6 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмақ.
Өз кезегінде, су шаруашылығының 12 жаңа нысанын салу және қолданыстағыларын жаңғырту халық үшін ауызсудың қолжетімділігін арттырады. Суармалы жерлердің көлемін кеңейтуге, пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тартуға, аралас салаларда 77 мың адамды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының 247 жаңа нысанын салу және қолданыстағыларын жаңғырту тұрғын үй құрылысы үшін оң ықпал етеді, ауыл тұрғындары үшін коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, коммуналдық желінің тозуын төмендетеді. Елді мекендерді абаттандыру олардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіз және жайлы демалысы үшін жағдай жасайды.