«Жол картасы» жобасының әлі де жалғасын табатынына қуандым - А. Сайлауқызы
Ы. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Дағдарыс кезеңіндегі қосымша жұмыс көзі, әрі жер-жердегі елді мекендердің инфраструктурасына оң серпіліс әкелген «Жол картасы» жобасының әлі де жалғасын табатынына қуандым»,
дейді журналист Алма Сайлауқызы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
«Президент Назарбаевтың елдің басты арналарынан тікелей эфирде берген сұхбатын өзге отандастарымыз секілді мен де тамашаладым. Сәбиінің болашағына бейжай қарай алмайтын көптеген ата-ананың бірі болғандықтан, қоғам тынысы, елдегі өзгерістерден мен де хабардар болып отыруға тырысамын.
Ең алдымен, халықтың көкейінде жүрген мәселелер назардан тыс қала ма деген уайымым бекер болғанына қуандым. Шын мәнінде біраз мәселе көтеріліп, түйткілді сұрақтарға жауап алынды. Астықты мол жинаған диқандарымыздың сол өнімді қайда өткізерін білмей абдыраған көңілдеріне үміт отын жаққан Елбасымыздың уәдесі де сенім ұялатады.
Сондай-ақ кей облыстардағы жасөспірімдер қылмысы мәселесі де республика төңірегінде көтеріліп, оған тікелей жауапты лауазым иелерінен сол мезетте жауап алуы да көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, балалар мен жастар тәрбиесіне тиянақты болмасақ, болашағымыздың да жарқын болуы екіталай дүние екендігі әркімге аян ғой.», дейді Алма Сайлауқызы.