«Жол картасын» жүзеге асыру аясында елімізде 137 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды
АСТАНА. Маусымның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Жол картасын» жүзеге асыру аясында елімізде 137 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, 254 мың 232 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде «Жол картасы» аясында жүзеге асырылып жатқан 4 мың 436 жобаға 137 мың 210 адам тартылды. Бұл біз қарастырып жоспарланған болжамның 54 пайызын құрайды. Тұтастай алғанда, мұндай оң қарқын «Жол картасының» барлық бағыттары бойынша жүруде», - деді Т. Дүйсенова. Оның сөзіне қарағанда, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны жоспарланған көлемнің 46,9 пайызын, жол жөндеу жұмыстары бойынша - 37,8 пайызды, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша - 64,2 пайызды, ауыл нысандары бойынша - 65,1 пайызды құрайды. Оның айтуынша, «Жол картасының» 4 инвестициялық жобасына 163 млрд. теңге қарастырылған. Маусымның 17-сіндегі жағдайға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 38 млрд. теңге игерілген. Оның ішінде 24 млрд. теңге ? республикалық бюджеттің, 14 млрд. теңге ? жергілікті бюджеттің қаржысы.