«Жол картасын» жүзеге асыру жұмыстары болашақта да жалғасуы керек - Экономикалық даму және сауда министрлігі

АНА. Сәуірдің 20-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз алдағы уақытта да елдің экономикалық өсімі тұрақты болсын десек, ұлттық экономикадағы инвестициялық белсенділіктің ұлғаюына жағдай жасауымыз керек», деді бүгін Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.

 «Жол картасын» жүзеге асыру жұмыстары болашақта да жалғасуы керек - Экономикалық даму және сауда министрлігі

Бұл туралы ол бүгін биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, биылғы жылдың наурыз айында 2010-2014 жылдарды қамтитын елдің индустриялық-инновациялық дамуына қатысты арнайы бағдарлама қабылданды. Аталмыш құжаттың мақсаты индустрияландыру тетігі арқылы ел экономикасының диверсификациялануына үлес қосу. «Сондай-ақ құжат негізінде республикалық және аймақтық маңызы бар жобалардан тұратын Қазақстанды индустрияландыру картасы дайындалды. Бұған қоса осы айдың ішінде үкімет тарапынан кәсіпкерлік сектордың сауығуы мен жаңа бизнес-бастамаларға және экспортқа бағытталған өндірістерді қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы қабылданды. Осыған қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар Индустрияландыру картасына енген жобаларды іске асыру үшін құрылыс жұмыстарын бастауға қажетті жағдайлардың барлығын жасаулары керек», деді Ж.Айтжанова.

Оның пікірінше, ойлаған мақсатқа сәтімен қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасында қарастырылған аймақтардағы жұмысты белсенді жүргізген дұрыс. «Ал бөлінген қаражатты дер кезінде игеру кәсіпкерлікті қолдауға және экономиканы қаржыландыруға ықпал етеді деп сенеміз. Осы орайда айта кететін мәселе, Үкімет «Жол картасын» іске асыруды жалғастыруы керек. Ал мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өздерінің жұмыстарына қажет тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында отандық өнімдердің үлесін ұлғайта бергендері жөн. Себебі бұл бағытта жүзеге асырылған осы уақытқа дейінгі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы отандық өнімдердің үлесі 60 пайызға жетті», деді министр.