«Жол картасының» инвестициялық бағыты бойынша елімізде 279 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда - Е. Орынбаев
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Үкіметінің Елбасы Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарының (жол картасы) инвестициялық бағыты бойынша 279 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жол картасының» инвестициялық бағыты бойынша, атап айтқанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауруханалар мен мектептерді жылыту, жолдарды жаңалау бойынша 278,5 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұған қажетті қаржының көлемі 170 млрд. теңгені құрайды», - деді бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев. Айта кетейік, Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Үкімет қабылдаған «жол картасы» халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің айтарлықтай өсуіне жол бермеу, кадр даярлау стратегиясын іске асыру, агроөнеркәсіптік кешенді жедел дамыту, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосу, индустриялық-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі еліміздің тұрақты дамуына жан-жақты жағдай жасау сынды бірнеше маңызды міндеттерді көздейді.