Жол-көлік апаттарының 27 пайызы телефонмен сөйлесуден болады
АЛМАТЫ. 11 наурыз. ҚазАқпарат - «ВымпелКом» ААҚ-ы мен «Нейроком» мемлекеттік емес мекемесінің зерттеулері бойынша, көлік басқару кезінде мобильді телефонды пайдалану жол апаты ықтималдығын 4 есе арттырады.
Ал жол-көлік апаттарының 27 пайызы телефон пайдалануға байланысты орын алады. Рөлде телефонмен сөйлесу адам реакциясын 300 милисекундке тежейді. Осыған орай «КаР-Тел» ЖШС-і Алматы қаласының ішкі істер департаментімен бірлесіп Халықаралық әйелдер күніне орай «Мобильді этикет немесе әйелдерді 8 наурызбен құттықтаймыз!» деген іс-шара ұйымдастырды.
«Алматы қаласында жарты миллионнан астам көлік құралдары тіркелген. Сонымен қатар, қалаға басқа аймақтардан осынша мөлшерде көліктер келеді. Бұл біздің мегаполисіміздегі жағдайды өте қиындатады. Beeline бастамасымен мереке күні біз құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған осы іс-шараны өткіздік. Онда көрсетілген ілтипат пен гүлдер әйелдерге қуаныш сыйлап қана қоймай, автокөлік басқару барысында мобильді телефонды пайдалануға тиым салынғанын тағы бір мәрте еске салуға себеп болғаны анық», - дейді Алматы қаласының ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы Арман Сарбасов.