Жол-көлік апатында бір адам мерт болып, 1 жолаушы жарақаттанды
КӨКШЕТАУ. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі хабарлағанындай, кеше түнгі 23 сағат 35 минутта Көкшетау-Бурабай күре жолы бойында Газель мен БМВ жеңіл көлігі соқтығысып, нәтижесінде адам шығыны тіркелген,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жеңіл көлік жүргізушісі 1971 жылғы Зеренді селосының азаматы қарсы бетке шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысып, сол жерде мерт болған. Ал, жолаушысы осы ауданға қарасты Айдарлы ауылының тұрғыны Бурабай аудандық ауруханасына жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілді.
Жыл басынан бері облыс көлемінде 70 мың жол-қозғалыс ережесін бұзу оқиғасы тіркелген. Осы уақытта өңір жолдарында болған 400-ден астам жол апатында 300 адам қайғылы қазаға ұшырап, 500-ге жуығы әртүрлі дене жарақатын алған. Сонымен бірге ішкілік ішіп жолға шыққан 4 мың жүргізуші қолға түсіп, жылдамдықты шамадан тыс арттыруға байланысты 20 мың хаттама толтырылған.