Жол-көлік оқиғаларының артуына құқық бұзушылардың жазаланбауы ықпал етуде - А.Дауылбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол ережесін бұзғандарды міндетті түрде жазалау керек. Бұл туралы бүгін Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жиналысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.

Жол-көлік оқиғаларының артуына құқық бұзушылардың жазаланбауы ықпал етуде - А.Дауылбаев

«Жол-көлік оқиғаларының артуына құқық бұзушылардың жазаланбауы ықпал етуде. ЖКО-ларды ауыздықтау бағытындағы тиімді шаралардың бірі - кінәлілерді міндетті түрде заң аясында жазаға тарту. Дегенмен құқық бұзушылардың әкімшілік жауапкершілікке тартылмауының көптеген фактілері анықталды», - деді Бас прокурор.

Белгілі болғандай, тек Ақмола облысы Бурабай аудандық жол полициясы бөлімінде кінәлілердің жауапкершілікке тартылмауының 25 фактісі анықталды.

«Кей кезде бұған полиция қызметкерлерінің өздері ықпал етеді. Яғни, олар материалдарды толтыру кезінде қателіктерге бой алдырып, осының салдарынан соттар оны қайта толықтыру үшін қайтаруға мәжбүр болып жатады», - деп атап өтті А.Дауылбаев.

Сонымен қатар ол соттың шешімімен жүргізушілік куәлігінен айырылғандардың көлік құралдарын басқаруының көптеген фактілері анықталғанын жеткізді. Мәселен, биылғы сәуірде прокуратура органдарының қызметкерлері әкімшілік полициямен бірлескен рейдтері барысында тек екі аптаның ішінде осындай 134 жүргізуші ұсталды.