Жол-көлік оқиғасынан балалардың жарақат алуы алаңдатады - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 4 айында облыс көлемінде балалардың қатысуымен 12 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 13 жеткіншек түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама төмен. Дегенмен жергілікті тәртіп сақшыларын балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттану жағдайы алаңдатады. Осы мақсатта Сыр өңірінде үстіміздегі жылдың 1-31 мамыр аралығында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты жедел-профилактикалық шарасы өтуде.
«Акцияның мақсаты - балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттануының алдын алу, көшеде қауіпсіз жүруін түсіндіру. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығындағы мектептердің алдындағы жол белгілері жаңартылып, жол-патрульдік полиция қызметкерлері балалардың жолдан дұрыс өтуін қатаң қадағалауда», - деді жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы Айбол Аукенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Акция аясында балалардың лагерлерге бару кезінде топтасып тасымалдау қағидалары бойынша жол қауіпсіздігіне қатысты тиісті жұмыстар қолға алынады.
Әділжан Үмбет