Жол-көлік оқиғасынан соң көлік нөмірін шешіп алу дұрыс па
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғасы кезінде көліктерінен мемлекеттік нөмірлерін шешіп тастаған жүргізушілер жайында Әкімшілік полицияға хабарласу керек. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Еркін Мүсілімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тілшілер Әкімшілік полиция комитетінің өкілінен көп жағдайларда жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлік иелері машиналарынан мемлекеттік нөмірлерін шешіп тастайтындығын, бұл жағдай ЖКО кезінде куәгерлерден мәліметтер алған кезде қиындық туғызатындығы туралы сұрады.
«Бұл мәселеге тоқталсақ, Жедел басқарма орталығының бейнекамералары әр қиылыста орналастырылған. Осы бағытта біздің арнайы іздестіру бөлімі жұмыс істейді»,-деді Мүсілімов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатынан кейін.
Оның сөзіне қарағанда, бейне жазбаны түсіретін жабдықтары жоқ жол учаскелерінде ЖКО кезінде мемлекеттік нөмірлерді шешіп тастау фактісі орын алса, Әкімшілік полиция комитетіне хабарласу керек.
«Ондай жағдайлар болып жатса, бізге жазбаша түрде шағымдануларыңызға болады. Арнайы бөлім осы мәселеге байланысты тиісті шара қабылдайды»,-деді ол.
Сонымен қатар Мүсілімов жол-көлік оқиғасына қатысушының бірі көліктегі мемлекеттік нөмерін шешіп тастап, полиция қызметкерлері бұл жағдайға әрекет етпесе, аталған фактілерді комитетке хабарлау қажеттігін айтты