Жол-көлік оқиғасы: Павлодар облысында 40 бала түрлі жарақат алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Жыл басынан бері Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының 36 фактісі тіркелді, онда 40 бала түрлі жарақат алған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың басты себебі – көлік жүргізушілері мен балалардың да жол ережесін сақтамауы.
– Жыл басынан бері облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының 36 фактісі тіркелді, онда 40 бала түрлі жарақат алды, - деп мәлімет берді Павлодар облысы ПД.
Мамандардың пікірінше, көбінесе балалар жүріс бөлігін рұқсат етілмеген жерде, бағдаршамның тыйым салатын сигналына, жақын жүретін көліктің алдында өтеді. Сондай-ақ велосипедтерді, мопедтерді және мотоциклдерді жүргізу кезінде жол жүру ережесі бұзылады. Тағы бір себеп болатын жағдай – көлік тізгіндеген жүргізуші де, жолаушы да қауіпсіздік белдігін тақпайды. Сондай-ақ, балаларға арналған орындықтың болмауы да көп жағдайда қайғылы жағдайға әкеледі.
Ересектер баланың көзінше жол ережесін бұзатын жағдайлар болады. Бала көргенін істейді. Жолды кесіп өтуге рұқсат етілмген бөліктен өтуге болмайтынын түсіндірген абзал.
Осы орайда полиция жолдағы ересектердің жол ережесін сақтауы олардың балаларына да үлгі болатынын ескертеді. Күн сайын балаларға жол ережесін сондай-ақ жаяу жүргіншілер өтетін бөліктен өту кезінде де сергек әрі мұқият болуға шақырады.