Жол құрылысындағы полимерлік шешімдер: жамаудан — төзімділікке
АСТАНА. KAZINFORM - Полимерлік технологиялар — оның ішінде модификацияланған битумдар мен геосинтетика — жол төсемдерінің мызғымас беріктігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ететін тиімді құралдардың бірі. Қазақстан бұл бағытта алғашқы нақты қадамдарын жасап жатыр.

Ғылыми-зерттеу әзірлемелерге, өз шикізат қорына және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бұл салада тұрақты даму жолына түсті.
Көктем сайын бір көрініс қайталанады: қар ерісе, онымен бірге асфальт та «еріп» кетеді. Кеше ғана тегіс жатқан жол — бүгін шұрық-тесік. Жарықтар, ойықтар, ізжолдар — жол төсемі өз міндетін толық атқара алмай отыр. Себебі — климаттың күрт құбылуы, жоғары ылғалдылық пен ауыр көліктерден түсетін тұрақты жүктеме. Мұндай жағдайда тек технология ғана емес, жол құрылысының әр қабаты мен компонентінің сапасы шешуші рөл атқарады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы — байланыстырғыш материал.
Полимер-битумды байланыстырғыштар (ПББ) — битумды стирол-бутадиен-стирол (СБС) секілді полимерлермен модификациялау арқылы алынған заманауи шешім. Бұл жабындардың созылғыштығын, деформацияға және климаттық әсерлерге төзімділігін арттырып, ұзақ қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Жол құрылымы — күрделі жүйе. Оны шартты түрде «жол бәліші» деп алсақ, онда тек минералды қабаттардан басқа барлық бөлігі заманауи шешімдермен күшейтілген: нөсер суға арналған құбырлар, құдықтар, геосинтетикалық материалдар және әрине, асфальтбетон. Бұл элементтердің кез келгені дұрыс жұмыс істемесе, тұтас құрылым бұзылады.
Зерттеулер көрсеткендей, ПББ қосылған асфальтбетон 536 мың жүктеме циклын көтереді. Бұл — кәдімгі битум қолданылған кездегіден бес есе көп (100 мың цикл). Ізжолдың тереңдігі екі есеге азайып, тозуға, ылғал мен температура ауытқуларына төзімділігі артады. Бұл — жабынның қызмет ету мерзімі артып қана қоймай, жөндеу мен күтімге кететін шығынды да азайтады деген сөз.
Айта кетерлігі, басты назар қазір тек жоғарғы қабатқа емес, құрылымның шаршауға ең көп ұшырайтын төменгі қабаттарындағы байланыстырғышқа да аударылып отыр.
Қазақстанда мұндай полимерлік шешімдерді енгізуге бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. 2025 жылдың 20 наурызында Астана қаласындағы «KMG PetroChem» компаниясы базасында осы тақырыпқа арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға мемлекеттік органдар, салалық институттар, өндірістік кәсіпорындар және техникалық мамандар қатысты.
Күн тәртібінде — жабынның беріктігі мен тұрақтылығын арттыру, отандық өндірісті дамыту және жаңа стандарттарды енгізу. Сонымен қатар, елде полимерлік индустрияның өзі де қарқын алып келеді. Бұған KPI және Silleno жобаларын мысал етуге болады — бұл жобалар СИБУР қолдауымен жүзеге асырылып жатыр және еліміздің ішкі ресурстарын қайта өңдеуге, жол құрылысына қажетті отандық шикізат базасын қалыптастыруға бағытталған.
Дөңгелек үстел аясында «ҚазжолҒЗИ» АҚ мен СИБУР компаниялары битумды байланыстырғыштарды және асфальтбетонды модификациялау бойынша зерттеулер мен жаңалықтарымен бөлісті. Сонымен бірге, сапаны бақылау жүйесін жетілдіру, ИҚ-спектрометрия сияқты жедел талдау әдістерін енгізу, материалдарға қойылатын талаптарды стандарттау жөніндегі бастамалар талқыланды. Мұндай кешенді ұсыныстар жергілікті климат пен нақты жүктемеге бейімделген шешімдерді табуға жол ашады.
Бүгінде көптеген елдер полимерлік технологиялардың тиімділігін дәлелдеді. Мәселен, Канадада ПББ қолданғаннан кейін жақсы жағдайда сақталған жолдардың үлесі 43%-дан 75%-ға өскен. Ал Үндістанда бұл технологияны қолдану жолдың өмірлік цикл шығынын 20%-ға азайтқан. Еуропа мен Солтүстік Америка елдері жолды «жылдам салып, жиі жөндеуден» бас тартып, «бір рет салып, ұзаққа пайдалану» қағидатына көшті. Бұл тәсіл бүгінде Қазақстан үшін де аса өзекті.
Қорыта айтқанда, полимерлік шешімдер жай үрдіс немесе баламалы нұсқа емес, нағыз қажеттілік. Жолдың әрбір элементі — құбырдан бастап жоғарғы қабатқа дейін — біртұтас жүйе ретінде жұмыс істегенде, нәтиже тек жолда пайда болатын ізжолдар мен қызмет ету мерзімімен шектелмейді. Ол қозғалыс қауіпсіздігімен, жол сапасымен және көктемде жолдың өз орнында қалуымен де өлшенеді.