Жол мамандарын даярлайтын білім бағдарламалары бір бағытқа біріктіріліп жатыр

Жол мамандарын даярлайтын білім бағдарламалары бір бағытқа біріктіріліп жатыр
Фото: qaz-media.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жол мамандарын даярлау стратегиясы құрылымдық реформаны бастан өткеріп жатыр. Бұл іске Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын да атсалысып келеді.

Елдегі салалық жоғары оқу орындары мен «ҚазЖол» ғылыми зерттеу институтының, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары бірлесіп жол мен көлік саласындағы тапшы мамандарды әзірлейтін «Көлік құрылысы» атты жаңа бағыт құрды. Оған автожол мен аэродромдар, темір жол, көпір, көлік тоннельдері мен газ-мұнай құбырының құрылысы сияқты бағдарламалар кіреді. Бағдарлама бойынша бакалавриат, докторантура гранттары бөлінеді. Қазір жоғары білім саласындағы осы өзгерісті жастар мен мектеп түлектеріне таныстыру үшін түрлі кездесулер, семинарлар өткізіліп жатыр. Мақсат – жол саласындағы кадр тапшылығын сейілту.

Елдегі жолдың сапасы туралы сын айтылған кезде саладағы жемқорлық алға шығады да, маман тапшылығы дейтін мәселе осы үлкен кеселдің көлеңкесінде қала береді. Ал жол саласының сарапшылары жолдардың сапасыздығына жемқорлықпен қатар білікті мамандардың аздығы де кері әсерін тигізіп жатқанын айтып жүр.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 157 мың шақырымға жуық автомобиль жолы бар. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 32 орындамыз. 20 миллион қазақстандықтың меншігінде 4,5 миллион көлік тіркелген. Осынша инфрақұрылымға қызметке көрсетіп, тиімді басқаратын мамандарды даярлау ісі кейінгі жылдары кәдімгідей кері кеткен. Қазір ел бойынша 8 жоғары оқу орны ғана жол мамандарын дайындайды.

Жолмен байланысты білім бағдарламаларының аздығынан, бар болған күннің өзінде кешенді ауқымы болмауынан елде жол инженері, смета инженері, зертханашы, асфальт төсеу операторы, механизатор, арнайы техника машинисі сияқты мамандар тапшы. Елдегі бүкіл әкімдіктердің штат санын қосқанда көлік инфрақұрылымын дамытып, күтіп ұстайтын 1 500-ден астам маман жұмыс істеп жүр. Ең қызығы, осы адамдардың бәрінде жол саласы бойынша арнайы білімі ғана бар.

Маман тапшылығының осынша ушығып, буындар үндестігінің үзіліп қалуына автожол мамандығы құрылыс мамандығының жапсарлас саласы ретінде оқытылуы түрткі болған.

Мысалы, 2023 жылы «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Көпірлер мен тоннельдер құрылысы» дейтін салаға тікелей қатысы бар мамандықтар бойынша 278 адам ғана жоғары білім алып шыққан.

«Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» бағдарламасы бойынша биыл білім алып жатқан барлық курс студенттерінің саны – 670 адам. «Көпірлер мен тоннельдер құрылысы» бойынша білім алушылардың жалпы саны 84 студент қана.

Соңғы жаңалықтар